09 Июн 2017
logo

1496991458_article_b_1500_

Әлемнің әр түкпірінен ағылған туристер мен түрлі халықтың өкілдері «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінде біздің мәдениетіміз бен інжу-маржан мұраларымызды өрелі өнеріміз арқылы таниды. Еліміздің рухани-мәдени ордасы Алматының да шығармашылық өкілдері мен өнер ұжымдары Елордаға келіп жетті.
Үш ай бойы көрме қонақтарын ән мен күйге сусындататын іргелі өнер ұжымдарының сапында Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияның ұжымы да бар. Бір кездері Ахмет Жұбанов сияқты қазақ өнерінің қаймақтары іргетасын қалаған өнер ошағының атынан әлемге белгілі ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, Бақытжан Байқадамов атындағы Азиядағы тұңғыш Мемлекеттік хор капелласы, ҚР мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, сондай-ақ, Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартеті, мемлекеттік қарағайлы-үрмелі аспаптар квинтеті өз кәде сыйларымен жетті. – Елорда төріне әр ұжым тиянақты дайындықпен келді. Әрбір оркестр біздің қазақ музыкасын, қазақ компазиторларының туындыларын классикалық деңгейде жұртшылыққа тарту етпек. Сол арқылы мәдениетіміздің тереңде жатқанын, Түркілерден қалған асыл сынық екенімізді жақсылап көрсетуіміз қажет. Біз сырттан келген қонақтарды таңғалдырсақ, тек қайталанбайтын төл шығармаларымыз арқылы таңғалдырамыз. «Біржан Сара», «Қыз Жібек» операларынан үзінділер қойылады. Өнерпаздарымыздың құрамында Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Тоқтағанова, Біржан Бәзілжан сынды елге танымал талантты азаматтарымызбен қатар Расул Жармағамбетов, Нұрсұлтан Шатырхан, Фархат Кубеев сынды халықаралық конкурстардың лауреаттары бар. Ел намысы сынға түсетін шақта бар ерік-жігерімізді салып, қәл-қадіріміздің жеткенінше өнерімізді ортаға салатын боламыз – дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы.

https://egemen.kz/article/koerme-ayasynda-almatynynh-madeniet-kunderi-oetedi