24 Июн 2021

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 22-24 маусым аралығында Алматы облысы мен Алматы қаласының аумағында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың өнері мен мәдениеті күндері үлгісінде  ұйымдастырылған «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер фестивалі өтті.

Бұл фестивальдің мақсаты — республикадағы мәдениет мекемелері арасындағы өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды дамыту, өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптеу. Сонымен қатар,  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ел Тәуелсіздігінің 30 және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы секілді биылғы республикалық маңызы бар мерейтойлар мен жергілікті атаулы даталарды қамту болып табылады.

Үш күнге созылатын фестивальдің іс-шаралар жоспары Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасқан Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталып, өңірлердің мәдениет мекемелерінің мамандары үшін арнайы шеберлік сағаттары мен семинар-тренингтер, баспасөз-конференциясын, түрлі тақырыптарда кездесулер өткізілді.

24 маусым күні  Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі мен Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуінде филармония солистері Ержан Әлімбетов, Мақпал Қазыбекқызы, Динара Базарбаева-Сахаман, Біржан Бәзілжанов пен өңірлерден келген әртістердің және Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер фестивалінің қорытынды концерті өтті.