nurgali_temp

Нұрғали Нүсіпжан

Солистер

nurgali_temp

Нұрғали Нүсіпжан – Отандық орындаушылық өнердің шежірелі тұлғасы, ғажайып аңызы. Қазақтың халық әндері мен қазіргі заманғы қазақ композиторларының туындыларын рухани жан азығы етіп алған тыңдармандардың бірнеше ұрпағы оның әндерімен жайқалып өсті, өнді. Оның концерттері бүгінде әнші шығармашылығын қастерлейтін мол көрермендер қатарын жинайды.

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерватория әншілік бөлімінің түлегі. Ол ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінде, «Қазақконцерт» концерттік-гастрольдік бірлестігінде, Қазақ радиосы мен телеарнасында жеке әншілік қызметінде болды, үлкен тиражбен аудио кассеттері мен дискілерін шығарды.

Ол бүгінгі күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің солисі болып жұмыс істейді. Н.Нүсіпжан осы ұжымның репертуарына жүзге тарта халық әндерін қосып, оның шығармашылық дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оркестрдің негізін қалаушы, КСРО халық әртісі Н.Тілендиевпен бірге осы ұжымның қайнар басында бірге тұрды. Ұлы композитор туындыларының басым көпшілігін бірінші болып орындады.

Әнші жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ ән өнеріне сән мен мән беруде. Жамал Омарова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Мүсілім және Ришад Абдуллиндер, Зейнеп Қойшыбаева, Бақыт Әшімова, Ескендір Хасанғалиев, Гүлвира Разиева, Лаки Кесоглу, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сынды ән жұлдыздармен бірге өнер көрсетуі – ұлттық ән шежіресіндегі құбылысты көрініс болды.

Ол концерттік бай бағдарламасымен бүкіл Қазақстанды шарлап, ең алыс деген елді мекендерде өнерін көрсетіп, республикамыздың алыс-жақын аудандары мен облыстарында, шалғай елді мекендерде шағын фольклорлық, эстрадалық ансамбльдердің көптеп дүниеге келуіне ықпал етті. Ақиық әнші Қазақстанның орындаушылық өнерін Швеция, Финляндия, Моңғолия, Ауғанстан, Йемен, Ангола, Кипр, Португалия, Сирия, Грекия, Югославия, Алжир, Германия, Түркия, Польша, Қытай сияқты және басқа да көптеген шет елдерде абыроймен таныта білді.