Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартеті

Ұжымдар

Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартеті

Алматы қаласының Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебінде 1988 жылы құрылған Ғ. Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартеті – еліміздегі кәсіби белгілі ұжымдардың бірі де бірегейі болып табылады. Жоғары білімді «Қазақквартет» өз кәсіби шеберлігін көптеген халықаралық байқауларда биіктен көрсетті. Қазіргі күні квартет әлемдік үздікдердің ондығына енген.

Бүгінгі шығармашылық ұжымда орындаушылардың төртінші буыны қызмет етуде. Шекті квартеттің негізін салушы және құрушысы, ұжымның көркемдік жетекшісі, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, шебер виолончелші Ернар Мыңтаев. Мемлекеттік квартет Қазақстанның ең үздік камералық ансамбльдерінің бірі болып саналады. Оның жоғары орындаушылық деңгейі, виртуоздық техникасы, дыбыс сұлулығы, стильді тылсым сезінуі және биік ансамбльдік мәдениеті бірден назар аудартады.

Квартеттің репертуарында көптеген әлемдік классикалық музыка қатары, Қазақстан композиторларының озық шығармалары орын алған. Ұжым көптеген белді де беделді халықаралық конкурстар мен фестивальдардың лауреаты лауазымдарына ие болды. Ол республика қалаларында, таяу және алыс шетелдерде, Францияның, Англияның, Австрияның, Испанияның, Италияның, Египеттің, Түркияның және басқа елдердің үздік концерт залдарында өнер көрсетті. Ұзақ уақыт бойына квартеттің ұстазы әрі қамқоршысы Бородин атындағы Мемлекеттік квартеттің жетекшісі, Ресейдің халық әртісі, профессор В.А.Берлинский болып, ол ансамбльге зор шығармашылық күш-қуат берді, соның арқасында музыканттар үлкен табыстарға жетіп, кемелдену биігінде қызмет етуде.

Әлемдік сахналардың талабына сай келетін, сұранысықа ие сапалы музыканың насихаттаушысы екенін мойындатқан ұжымның Қазақстан тәуелсіздігінің 25-жылдығы қарсаңында Америка Құрама Штаттарында гастрольдік сапармен болып қайтты. Бұл шара егемен еліміздің даңқын әлемдік аренада тағы бір паш етуге берілген үлкен мүмкіндікдердің бірі болды. концерттік турге Америка халқы өз тарапынан үлкен қызығушылық таныттты.